Skip to content
Home
Home
Who we are
What we do
Get the book

Велюр перделер және Мизес даналығы

Кимберли Джозефсон

Дұрыс көзқарас болса – экономикалық қағидаларды күнделікті өмірде байқай аламыз!

Менің өмірімдегі ең дұрыс жасалған саудалардың бірі, қызғылт велюр перделерін сатып алғаным десем, артық айтқаным емес. Бұл 2003 жылы Англияға оқуға тапсырған кезім. Қаражатым өте аз, оның үстіне шет елде өмір сүруге мүлде дайындығым болмаған еді.  Алғашқы уақытта Ұлыбританияға екі сыныптасыммен бірге көшіп келгенде, мен қайда түнерімді де білмедім. Алайда, жас кезіңде кез-келген мәселе оңай шешімін таба алатын сияқты көрінеді.

Тығырықтан өз бетімше тез әрі дұрыс шығамын деген оймен, мен университет кампусында ұсынылған тұрғын үйден бас тарттым. Себебі, маған құны тым қымбат болып көрінді. Осылайша, қасымдағы екі таныс студентті маған сенуге көндірдім. Біршама ауыр ұзақ сапардан соң, әрі шет елде көп әуре-сарсаңға түскеннен кейін, біз қуанышымызға орай, пәтер жайын қамтамасыз ете алдық. Әрі, бұл процессте қомақты ақша үнемдедік. Алайда, шешімімізге байланысты, біз кампустан алыс болғандықтан, қоғамдық көліктегі жол ақысын төлеу сияқты басқа да шығындардың болатынын білдік.

Пәтердің қала шетінде орналасуы жалдау ақысының төмен болуына бірден-бір себеп болды. Бірақ, одан басқа пәтерде теледидар, интернет, ыдыс жуғыш машина, кір жуғыш машина сынды жиһаздардың бірде-біреуі жоқ еді. Тіпті, кампустағы тұрғын үй қамтамасыз ететін төсек-орын жабдықтары сияқты негізгі қажеттіліктер де болмады.

Бұл жағдай мені қызғылт перделерді сатып алуға алып келді. Түндер суық болды. Дегенмен, чемоданның шектеулі кеңістігіне байланысты, сапардан кейін қалдыра алмайтын жаңа көрпеге ақша жұмсай алмадым. Мен сатып алатын заттардың барлығы функционалды, бірақ бір реттік қолданылатын болуы керек еді. Сондықтан мен төсек-жабдық емес, мені жылытатын кез-келген ыңғайлы зат іздедім. Мен ең бастысы – заттардың пайдалы болуына аса қатты мән бердім. Қолданылатын заттың не екендігі емес, қандай қызмет атқаратыны маңызды болды. "Титаник" фильмін көрген кез-келген адам Кейт Уинслет кейіпкерін "құтқару қайығы" емес, "есік" құтқарғанын біледі - оған тек суда қалқып жүзетін нәрсе керек болды емес пе?

Жалпы, біз адамдардың сатып алу деңгейі жоғары болған сайын, көбінесе өз қалауымызға, өмір сүру стиліне және статусымызға сай көп ақша жұмсай аламыз. Ал, ақшамыз шектеулі болған сайын, әрине, біз негізгі қажеттіліктерге назар аудара бастаймыз. Функционалды заттарды сатып алу арқылы біз әлдеқайда тапқыр, ысырапшылдықтан бас тартатын үнемшіл болатынымыз анық. Өз шығындарымыз бен жинақтарымызға шын мәнінде стратегиялық тұрғыдан қарайтын деңгейге жете аламыз.

Сол жылы, пәтерге көшкеннен соң, жергілікті дүкеннен 4 фунтқа (шамамен 4 доллар) қалың қызғылт велюр перделерін сатып алдым. Мен үшін ең жылы төсек жапқышы болды. Оны жуу бірнеше фунтқа қымбатқа түссе де, сатып алғаныма қатты қуандым. Біріншіден арзан сауда болды, екіншіден перде өз жұмысын атқарды. Студенттік кездегі тоңып-жаураған түндердің тамаша шешімі болды.

Содан бері, талай уақыт өтсе де, қомақты ақшаға сауда жасағым келген сәттерде, сол қызғылт қалың перделер еріксіз есіме түседі. Өмірімдегі осы қызықты жайт, мен үшін үлкен сабақ болды. Менің ақша үнемдеу стратегияларым австриялық Карл Менгердің ілімдері мен Людвиг фон Мизестің праксеологиясына сәйкес келетінін айтып өткім келеді.

Сонымен, австриялық ой мектебінен қандай қорытынды жасауға болады? Негізгі идеяларды қарастырайық:

1. Тауарлар мен қызметтердің экономикалық құндылығы субъективті болып табылады. Яғни, мен перделерді тек қана терезеге іліп қою үшін емес, сонымен қатар, оның жылуы мен қалыңдығын да қарастырдым.

2. Мүмкіндік құны маңызды! Өз пәтерімде жайлы өмір сүру үшін қомақты қаражат жұмсауды қажет деп санамай, керісінше, ақшамның көп бөлігін экскурсиялар мен Еуропаны зерттеуге жұмсадым. Тұрмыстық шығындарды үнемдеу арқылы мен саяхатқа көбірек ақша жұмсай алдым.

3. Ресурстардың жетіспеушілігі креативті ойлауды дамытуы мүмкін! Егер менің пәтерім толық жиһазбен жабдықталып, менің барлық қажеттіліктерімді қанағаттандырса, менде креативті ойлану қажеттілігі болар ма еді?

Көптеген австриялық экономистердің ұстанымы бойынша нарық - кәсіпкерлік процесс, ал біз - іскер жаратылыстармыз. Таңдауыңыз айқын немесе шектеулі болса, ешқашан мұнымен тоқтамаңыз. Егер де мен, кампуста тұруды таңдасам, онда көптеген керемет естеліктер мен мінезді тәрбиелеу тәжірибесін өткізіп алар едім (мысалы, ваннада киім жууды үйрендім немесе трамвай сынғаннан кейін жаяу жүру керек болған жағдайда,  қалай адаспау керек немесе теледидар көрудің орнына бейтаныс адамдармен танысып, әңгіме өрбітуді де үйрендім).

Шығындар әр түрлі болуы мүмкін, алайда, сіз қажеттілікті нақты қанағаттандыратын саудаға ешқашан өкінбейсіз. Бұл қажеттіліктің қашан және қалай қанағаттандырылатынын тұтынушы бағалауы шарт. Тұтынушы капиталистік жүйеде -тәуелсіз. Бұл жайлы Мизес 1944 жылы шыққан "Бюрократия" басылымында жазды.  Нарықтық экономикадағы капиталистік жүйеде "нағыз бастықтар" - тұтынушылар. Олар сатып алу және сатып алудан бас тарту арқылы капиталға кімнің иелік ететінін, тіпті осы сауда арқылы зауыттарды сырттай басқаруға септігін тигізе алады екен. Тұтынушылар кез-келген тауардың қандай мөлшерде және қандай сапада өндіру керектігін тікелей анықтай алады. Тұтынушылардың таңдауы кәсіпкер үшін пайда немесе шығын әкеледі. Олар кедейлерді бай, ал байларды түксіз қалдыра алады.

Тұтынушылар - "қатыгез" жандар. Олар ешқашан өндірушіге пайда әкелу үшін немесе басқару салдарынан туындайтын небір қиындықтардан қорғау мақсатында сауда жасамайды. Тұтынушылар әрдайым жақсы қызмет көрсетуді талап етеді. Ал, капиталистік жүйенің жұмыс істеу қағидасы - кәсіпкерді тұтынушылардың бұйрығына бағынуға мәжбүрлейді.

Тұтынушылар - оңай бастық емес. Олардың қыңырлықтары мен назы көп, таңдауы мен талғамдары әр түрлі. Сатушылардың бұрынғы жасаған қызметтеріне еш мән бермейді. Тұтынушыларға көбірек ұнайтын немесе арзанырақ тауар ұсынылғаннан кейін, олар бұрынғы жеткізушілерін оңай тастап кете алады. Өздерінің қанағаттануын алдыңғы орынға қояды. Олар капиталистердің жеке мүдделеріне де назар аудармақ емес. Мысалы, тұтынушы ретінде бұрын алып жүрген тауарды сатып алуды тоқтатса, кірісі азаятын жұмысшылардың тағдырына да мән бермейді.

Бұл тақырыптардың күнделікті өмірде жиі кездесетіні таң қалдырады. Экономика шынымен де, біздің айналамызда!

Бұл мақала Creative Commons Attribution 4.0 халықаралық лицензиясы бойынша Кимберли Джозефсон мен Экономикалық білім беру қорының рұқсатымен жазылған. Түпнұсқасын мына жерден табуға болады.

 

 

Мақаламен бөлісу